Әрбір колледж екі нарықтың субъектісі болып табылады: білім беру қызметтері нарығы және оқу орнын аяқтаған мамандардың еңбек нарығы.

Біздің Өскемен жоғары медициналық колледжі жыл сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізеді. Бұл жәрмеңке – колледж түлектерін жұмысқа орналастыруға көмектесудің ең тиімді тәсілдерінің бірі. Жұмысшы мамандықтар жылы және колледждің 90 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің мақсаты – жұмыс беруші мен түлек арасында тікелей байланыс орнату арқылы түлектердің жұмысқа орналасуына ықпал ету.

2025 жылдың 20 ақпанында өткен «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне» колледждің әлеуметтік серіктестері болып табылатын 30 медициналық ұйымнан 50-ден астам өкіл, С. Аманжолов атындағы ШҚУ, ҚР ҰҚК ШҚ Шекара қызметі департаменті және «Аманат» партиясының Марқакөл ауданы өкілдері қатысты.

Колледждің «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша «Жалпы практикадағы мейіргер», «Қолданбалы бакалавр мейіргер ісі» біліктіліктері; «Емдеу ісі» мамандығы бойынша «Фельдшер» біліктілігі; «Зертханалық диагностика» мамандығы бойынша «Медициналық лаборант» біліктілігі; «Фармация» мамандығы бойынша «Фармацевт» біліктілігі; «Стоматология» мамандығы бойынша «Дантист» біліктілігі бар түлектер өз түйіндемелерімен әрбір өкілмен жеке әңгімелесіп, олардың базаларында диплом алдындағы тәжірибеден өту және әрі қарай жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы келісімдер жасады.