2025 жылғы 1 шілде күні Өскемен жоғары медициналық колледжіне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сайров Ерлан Бияхметұлы және Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Есімбекова Арайлым Керімбекқызы жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында Ерлан Бияхметұлы колледждің өңірдегі көне оқу орындарының бірі екенін атап өтті. Колледж денсаулық сақтау саласына білікті мамандар даярлап, оларды табысты түрде жұмысқа орналастырып келеді. Депутат қабылдау комиссиясының жұмысымен танысып, колледж ғимаратының қазіргі жағдайын да қарап шықты.

Ерекше назар оқу корпусының сыйымдылығына аударылды. Колледж ғимараты 1965 жылы салынған және қазіргі таңда студенттерді орналастыру бойынша заманауи талаптарға сай келмейді. Соңғы үш жыл ішінде студенттердің саны 2300-ге дейін артқанымен, ғимараттың физикалық мүмкіндіктері студенттерді көбірек қабылдауға мүмкіндік бермейді. Бұл — орта буын медицина мамандарына деген жоғары сұранысқа қарамастан туындап отырған мәселе.

Кездесу соңында Ерлан Бияхметұлы колледж ұжымымен пікірлесіп, олардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Ол көтерілген мәселелердің Қазақстан Республикасы Парламенті деңгейінде қаралатынын жеткізді.