Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл Еңбек мамандықтары жылы деп жарияланды. Осыған байланысты Өскемен жоғары медицина колледжі еңбек мамандықтарының беделін арттыру және техникалық пен кәсіптік білім беру жүйесін реформалау мақсатында қала мектептерінде кәсіптік бағдар беру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде.

Мамандық таңдау – әр адамның болашағын айқындайтын маңызды қадам. Қалай дұрыс мамандық таңдап, қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие болуға болады? Бұл сұрақ тек мектеп түлектерін ғана емес, олардың қазіргі ұстаздары – мектеп мұғалімдерін және болашақ тәлімгерлері – колледждер мен жоғары оқу орындарының мамандарын да толғандырады, себебі олар қажетті білім мен дағдыларды алуға көмек береді.

Осыған орай, 2025 жылғы 21 қаңтарда КММ «Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп  - гимназия - интернатында» Өскемен жоғары медицина колледжінің оқытушылары мектеп оқушыларымен кездесу өткізді. Олар оқушыларды колледждегі оқу ерекшеліктерімен, болашақ медициналық мамандарды даярлайтын мамандықтарымен, сондай-ақ білім беру процесінің мақсаттары мен міндеттерімен таныстырды. Мектеп оқушылары медициналық мамандықтарға және жалпы медицина мамандығына үлкен қызығушылық танытты. Бұл олардың осы маңызды әрі сұранысқа ие мамандықты таңдауға жоғары деңгейде ынталы екенін көрсетеді.