2023 жылы колледждерге қабылдау туралы ақпарат

 

Колледжге Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар, 9 сынып, 11 сынып түлектері қабылданады.

 

Колледждерге тұлғалардан өтініш қабылдау 2023 жылғы 25 маусымнан басталады.

Құжаттар қабылданады:

- медициналық – 15 тамызға дейін;

- ақылы оқуға – 25 тамызға дейін.

 

Оқуға қабылдау үшін құжаттарды кәмелетке толғандар – жеке өзі, кәмелетке толмағандар – заңды өкілдерінің қатысуымен ұсынады.

 

Психометриялық тестілеу өткізілетін медициналық мамандықтарды қоспағанда, қабылдау емтихандары болмайды.

 

Конкурсқа қатысуға өтініш берген кезде үміткер төрт колледжге дейін және төрт мамандықты, біліктілікті (қажет болған жағдайда) таңдауға құқылы.

 

Конкурс аттестатқа сәйкес міндетті және бейінді пәндер бағасының орташа конкурстық балы бойынша талапкерлерді автоматты бөлу жолы арқылы Білім басқармасының ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.

Бағаның орташа балы қалыптасады:

негізгі орта білімі бар түсушілерге (9 сынып) – үш пәннің бағалары бойынша: міндетті пәнге (қазақ тілі немесе орыс тілі), қалған екі пәнге мамандықтың бейіні бойынша.

жалпы орта білімі бар түсушілерге (11 сынып) – Техникалық және кәсіптік білім беру - төрт пәннің бағалары бойынша: міндетті пәндерге (қазақ тілі немесе орыс тілі, Қазақстан тарихы), қалған екі пәнге мамандықтың бейіні бойынша.

Медициналық мамандықтар бойынша психометриялық тестілеу "өтті" немесе "өтпеді" деген нысанында бағаланады.

 

Құжаттарды тапсыру үшін:

  1. www.egov.kz сайтының «Білім беру» бөліміне кіріп, колледжге оқуға түсуге өтініш беру қажет;

немесе

  1. vko-abiturient.kz ақпараттық жүйесінің сілтемесі бойынша өтіп өтініш беруге болады;

немесе

  1. колледжге келіп құжат тапсыруға болады.

         

Платформада жұмыс істеу туралы видео білім басқармасының сайтында «Техникалық және кәсіптік білім беру» бөлімінде, сондай-ақ колледждердің сайтында ораналасқан.

 

Оқуға түсуге қажетті құжаттардың тізбесі:

1) құжаттарды қабылдау туралы өтініш;

2) білімі туралы құжаттың түпнұсқасы;

3) 3x4 см көлеміндегі 4 дана фотосурет;

4) № 075-У нысаны бойынша медициналық анықтама;

5) квота санатын растайтын құжат;

6) жеке басын куәландыратын құжат (тұлғаны салыстыру үшін).

Көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжаттарды жеке өзі немесе заңды өкілдері ұсынады.

 

Колледждерге оқуға түсу кезінде «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұлғаларға квота көзделген.

Қабылдау квотасының мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 ақпандағы № 264 қаулысымен бекітілген. 9 квоталық санат бар.

1) бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар арасынан шыққан азаматтар үшін – 1 пайыз;

2) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер үшін – 0,5 пайыз;

3) ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін – 35 пайыз;

4) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 4 пайыз;

5) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары үшін – 1 пайыз;

6) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін – 5 пайыз;

7) кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 5 пайыз;

8) кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін – 1 пайыз;

9) бала кезінен мүгедектігі бар балаларды, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 1 пайыз.

 

Оқушылар құрамына қабылдау күндізгі оқу нысанына  -  күнтізбелік жылдың 31 тамызына дейін жүргізіледі.