Құрметті достар, сіздерге Шығыс Қазақстан облысында балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған URPAQ жобасының іске қосылғаны туралы хабарлаймыз.
Бала кез келген уақытта жедел көмек алу үшін немесе өсіп келе жатқан ұрпақтың қауіпсіздігіне әсер ететін жағдайлар туралы хабарлау үшін чат-ботқа жүгіне алады.
URPAQ — «Ұрпақ» жобасының бірегейлігі — Telegram мессенджерінде vko_urpaq_bot деп аталатын боттың құрылуында. Бұл бот балалардың құқықтарының бұзылуы туралы мәліметтер жинау, жедел әрекет ету және көмек сұрағандарға шұғыл көмек көрсету мақсатындағы автоматтандырылған жүйе болып табылады.Боттың функционалы әртүрлі форматтағы хабарламаларды өңдеуге мүмкіндік береді: фото, аудио, видео, Word-құжаттар. Зорлық-зомбылық фактілері туралы хабарламалардан бөлек, балалардың қауіпсіздігіне қатысты кез келген ақпарат қабылданады: ашық қалған құдықтар, жолдағы жағдай, қаңғыбас иттер және т.б.
Бот арқылы көмек сұрағанда, жауап алудың екі жолы бар:
- Телефон арқылы — ол үшін «Байланысты жіберу» батырмасын басып, контактіңізді ботпен бөлісіңіз.
- Анонимді түрде — ол үшін өтініш қалдырып, жауапты бот арқылы күтіңіз.